Accessibility links

"Досье" дерегі: Ресей агентінің қазақ белсендісі Қуат Ахметовті "ұрлау операциясы" неліктен іске аспай қалды?


Ресей агенті қазақ белсендісі Қуат Ахметовті не үшін ұрламақ болды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:21:23 0:00

Ресей агенті қазақ белсендісі Қуат Ахметовті не үшін ұрламақ болды?

Қазақстандық белсенді Қуат Ахметовті Украинадан ұрлап әкетпек болған ресейлік агенттің жоспары іске аспай қалған. Бұл жайт "Досье" орталығы журналистерінің қолына түскен Ресей барлау қызметінің құпия құжаттарынан белгілі болды. Азаттық белсенді ісінің мән-жайын өзінен және оны танитындардан сұрады.

"Досье" анықтаған дерек

"Украинада жүрген қазақ ұлтшылы Қуат Ахметовті ұстау бойынша арнайы акция жоспарланды. Ол үшін әуелі Украина ішкі істер министрлігіндегі агенттер арқылы оның байланыс деректерін алдым және ұялы байланыс трекингін сұраттым. Алайда Қуат Ахметов өзін аңдып жүргенін біреулерден естіп қойған сияқты. Оның қайда жүргенін таптым-ау деген кезде ол Түркияға қашып кетті. Артында ешқандай із қалдырмаған, ешқандай сауда-саттық жасамаған, ықтиярхат алмаған. Оның әрекетін Қазақстанның арнаулы қызметі үйлестіріп отыр деуге толық негіз бар".

Шытырман оқиғалы шығармаға ұқсайтын бұл жазба – Ресейдің барлау қызметінің агенті Виктор Васильевтің Мәскеудегі кураторы, Ресей бас барлау басқармасында (ГРУ) істейтін полковник Денис Смоляниновке жазған рапорты дейді "Досье" орталығының зерттеуші-журналистері. Ресейлік оппозиционер Михаил Ходорковский негізін қалаған бұл орталық Ресей билігінің елдегі және шетелдегі жемқорлық деректерін, адам құқығына қарсы іс-әрекеттерін әшкерелеумен айналысады. Былтыр желтоқсанда "Досье" журналистері Ресей бас барлау басқармасының құпия құжаттарын қолға түсіргенін хабарлаған.

Екі беттен тұратын рапортында Васильев 2022 жылы ақпанда Украинада екі апта болып, Ахметовті ұрлап әкету операциясын жоспарлағанын, бірақ онысы іске аспай қалғанын баяндап, "Қуат Ахметовті Қазақстанның арнаулы қызметі қадағалап отыр" деген тұжырым жасайды. Сапарының соңында ол Украинаның арнаулы қызметі ізіне түскенін сезіп, әуелі Одессаға барған, кейінірек Молдоваға өтіп кеткен деп жазды "Досье".

"Тіл майданы" қозғалысының жетекшісі, белсенді Қуат Ахметов Ресей арнаулы қызметіне не үшін керек болды? Бұл сұраққа анық жауап жоқ.

Васильевтің Ахметов жөніндегі айтқанына байланысты Азаттықтың сауалына Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті "Шетелде жүрген қазақстандықтардың мәселесіне араласу құзырымызға кірмейді", – деп қысқа жауап берді.

Қуат Ахметов деген кім?

2021 жыл. Дүкен сатушысына "Қазақстанда тұрып жатырсың. Қазақша сөйлеуге, түсінуге міндеттісің!" деп талабын айтып, смартфонына түсіріп тұрған адам – Қуат Ахметов. Дүкен қызметкері оған "Ешкімге ештеңе міндетті емеспін. Қазақстанда екі [мемлекеттік] тіл бар. Сіз орысша сөйлеп, мені жақсы түсініп тұрсыз ғой", – деп Қуат Ахметовтің әрекетін сөгеді.

"Тіл майданы" қозғалысының белсендісі Қуат Ахметов
"Тіл майданы" қозғалысының белсендісі Қуат Ахметов

Тағы бірде Ахметов супермаркет қызметкерлерімен жанжалдасып қалды. Ол "дүкен сөресіндегі тауардың атауы неге мемлекеттік тіл – қазақ тілінде жазылмаған?" деп сұраған. Дүкен қызметкері "Қазақстанда екі тіл бар. Орыс тілін Конституциядан әлі ешкім алып тастаған жоқ" деп Ахметовтің орысша сөйлеуін талап еткен.

Қуат Ахметов Қазақстанда түрлі мекеме-ұйым, сауда орындарындағы қызметкерлердің қазақша сөйлеуін талап ететін тіл белсендісі ретінде танылды. Мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейтін жерге полиция шақыртып, кейбірін жария түрде кешірім сұратқызды, бірінің "қазақша үйренемін" деген уәдесін алды. Ал кейбірі қазақша сөйлеуге ашық қарсылық білдіретін.

Ол өз іс-әрекеттерін видеоға түсіріп, 2021 жылдың наурыз айынан бастап YouTube-тегі "Til Maydani онлайн партиясы"деп аталатын арнасына жариялап жүрді. Бірақ бұл белсенділігі Қазақстанмен көрші Ресейдегі кремльшіл ақпарат құралдары мен билік өкілдерінің шамына тиді. Олар Қуат Ахметовтің әрекетін "русофобия", "фашистік қылық" деп атап, "орыстар мен орысша сөйлейтіндерді жек көру көрінісі" деп бағалады.

"Ескерту орындалмаған соң сотқа жүгіндім". Дүкенмен арадағы дау (25 қазан, 2019 жыл)

"Ескерту орындалмаған соң сотқа жүгіндім". Дүкенмен арадағы дау
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:02 0:00

Ресей арнаулы қызметі құжаттарында Қуат Ахметовті "ұлтшыл" деп сипаттаған.

Ресей сыртқы істер министрлігі "Орталық Азия елдерінде орыс тілінде сөйлейтіндер кемсітуге ұшырады, Мәскеу мұндайға жол бермеудің амалын жасайды" деп мәлімдеген.

2021 жылғы 12 тамызда Ресей ішкі істер министрлігі Қуат Ахметовке ел аумағына кіруіне 50 жылға тыйым салды.

Дәл сол күні Алматы полициясы Қуат Ахметовтің видеоларына байланысты Қылмыстық кодекстің "ұлт араздығын қоздыру" деп аталатын 174-бабының 1-бөлігі бойынша іс қозғады.

Және сол күні Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің сол кездегі орынбасары, қазір Қазақстанның Ресейдегі елшісі болып жүрген Дәурен Абаев мәлімдемесінде тіл белсендісінің әрекетін меңзеп, оны "жабайы ұлтшылдыққа" балады.

"Үңгірдегі ұлтшылдық". Тіл дауы, Ресей реакциясы, Абаевтың бағасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:41 0:00

"Өз елінен қашуға мәжбүр болды"

2021 жылғы 19 тамызда Алматы полициясы Қуат Ахметовті көшеден күштеп ұстап әкетті. Оны "Тіл майданы" атты тіркелмеген ұйымға жетекшілік етті деп айыптап, сот белсендіге 145 мың теңге әкімшілік айыппұл салды.

Сол соттан бір күн бұрын Астанаға Ресей үкіметінің басшысы Михаил Мишустин келе жатқан. Ахметов өзінің жазалануын Мишустиннің сапарымен байланыстырды. Осы оқиғадан он күн өткенде, 2021 жылғы 29 тамызда Қуат Ахметов Қазақстаннан кетіп қалды. Оны сол кезде адвокаты болған, қазір парламент мәжілісінің депутаты болып отырған Абзал Құспан Ақтау әуежайынан шығарып салған еді.

"Бүгін 29 тамыз, бір сағаттан соң 30 тамыз болады, яғни Қазақстанда Конституция күні. Конституция күні қарсаңында, мінеки, елінің патриоты Қуат Ахметовті өз елінен қашырып жіберуге мәжбүр болдық. Бұл өкінішті, тарихта қаралы күн ретінде қалады деп есептеймін. Өз жерінде, өз елінде, өз ана тілінде қызмет көрсетуді талап етуді үйретуші адам өз елінен қашып, өзге елге пана іздеп бара жатқан жағдайы бар. Бірақ мұның бәрі орнына келеді деп ойлаймын", – деді Абзал Құспан әуежайдағы қоштасу сөзінде.

Қуат Ахметов Қазақстаннан Украинаға ұшар алдында жақындарымен қоштасып тұр.
Қуат Ахметов Қазақстаннан Украинаға ұшар алдында жақындарымен қоштасып тұр.

Қуат Ахметовтің Ақтаудан Грузияға ұшуына ешкім кедергі болмаған. Тбилисиде ұзақ тұрақтамаған ол ары қарай Киевке кеткен. Ол кезде белсендіге қатысты ашылған қылмыстық іс әлі тергеу сатысында еді. Ахметов елден кетпей тұрып, 174-бап бойынша бір рет тергеуге де қатысқан.

"Үстінен қылмыстық іс қозғалған адам қалай елден еркін шығып кетті?" деген сауалды белсендінің бұрынғы қорғаушысы Абзал Құспанға қойдық. Оның сөзінше, ол кезде Қуат Ахметовке шетелге шығуға шектеу қойылмаған.

– Оның ісі ауыр санаттағы қылмыстық істер санатына жатпағандықтан, оған ешқайда кетпеу туралы қолхат, үйқамақ сияқты шектеу шаралары қолданылған жоқ. Ол кезде ресми айып таққан жоқ, – деді Құспан.

Депутаттың сөзінше, елден кетуді Қуат Ахметовтің өзі ұйғарған.

– Мен оны қорғауға ниетті болдым. Оған ешкім елден кет деп кеңес берген жоқ. Өзі тыңшылар басқан ізін аңдитынын айтып, елде жүрсем, маған қысым жасайды деп топшылады, – деді Азаттыққа Абзал Құспан.

Прокуратура: қылмыстық іс әлі тергеліп жатыр

Қуат Ахметовке қатысты "ұлт араздығын қоздыру" бабы бойынша қозғалған іс 2023 жылғы 20 қаңтарда "қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына" байланысты тоқтатылғаны жөнінде белсендінің өзі де, жергілікті медиалар да жазған.

Бірақ биыл 20 қаңтарда Алматы қаласының прокуратурасы мен полиция департаменті Азаттықтың сауалына берген жауабында "Қуат Ахметовтің үстінен қозғалған іс әлі тергеліп жатыр" деп хабарлады.

"Қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша полиция департаменті Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 24-бабының талаптарын орындауға, яғни істiң мән-жайын жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге бағытталған жоспарлы тергеу шараларын жүзеге асырып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу деректері жария етілмейді", – деп жазылған Алматы қаласы прокурорының орынбасары Асхат Шәріпов қол қойған хатта.

Супермаркетпен мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты соттасқан Қуат Ахметов (ортада) сот отырысында. Алматы, 25 қазан, 2019 жыл.
Супермаркетпен мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты соттасқан Қуат Ахметов (ортада) сот отырысында. Алматы, 25 қазан, 2019 жыл.

Істің әлі тергеліп жатқанынан қазір Түркияда тұрып жатқан Ахметовтің өзі бейхабар болып шықты. Қазақстанда жүрген кезінде белгісіз адамдар соңына түскенін, елден кеткенде туыстарына қысым жасалғанын айтқан Ахметов Киевте мені әлдекім аңдығанын байқаған жоқпын деді. Жеке басының қауіпсіздігі үшін әзірге Қазақстанға оралу ойы жоғын айтты.

"Ресей билігі сағымды сындырғысы келеді"

Қуат Ахметовке "Досье" орталығы жария еткен Виктор Васильевтің ресейлік барлау қызметіне жазған рапортына байланыс сұрақ қойдық. Ол Киевтен Түркияға кетіп қалғанын растады, бірақ Қазақстанның арнаулы қызметі көмектесті деген сөзді жоққа шығарды. Ахметов Киевте украин белсендісі Пан Васильдің үйінде тұрғанын, Украинада визасыз жүруге болатын үш ай мерзім біткен соң Түркияға өтіп кеткенін айтты.

– "Досье" видеосын былтыр достарым жіберген. Олар мені іздеп Украинаға келіпті. Бірақ мен Түркияға кетіп үлгердім. Ресей билігінің мені ұрлағысы келгендегі көздегені – Қазақстандағы ұлтшылдардың сағын сындыру. Бұрын еститінмін, ондай кезде адамға психотроптық екпе салып, кешірім сұратады, "бұған дейін істегендерім әлдекімнің тапсырысы болды, сол үшін маған ақша төледі" деп айтқызады дегенді. Сөйтіп қазақтардың рухын сындырғысы келеді, – деді Ахметов.

Кремльшіл "Первый канал" телеарнасы қазақстандық азаматтық белсенді Қуат Ахметов пен оның жақтастары түсірген видеоларды талқылап жатыр.
Кремльшіл "Первый канал" телеарнасы қазақстандық азаматтық белсенді Қуат Ахметов пен оның жақтастары түсірген видеоларды талқылап жатыр.

Оның бұрынғы адвокаты, мәжіліс депутаты Абзал Құспан шетелге кеткен қазақстандық белсендінің соңына ресейлік барлау қызметінің агенті түскен деген ақпаратқа байланысты пікірін білдірді.

– Мен ондай нұсқаны жоққа шығара алмаймын. Бірақ ол заңның шеңберінен тыс жасалып жатқан шара. Әлемде осындай құпия қызметтері белсенді жұмыс істейтін саусақпен санарлық мемлекет бар. Ресей солардың қатарына кіреді. Бірақ нақты солай болған деп растай да алмаймын. Өйткені бұған дейін соған ұқсас жағдай болды, Қазақстанда немесе шетелде біреуді жасырын түрде алып кетіпті дегенді естіген жоқпын. Олардың "Россотрудничество" деген ұйымы бар. Әлемде болып жатқан барлық ақпараттан хабардар болып отырады. Ахметовті солай байқаған болуы керек, сол үшін Ресейге кіруіне 50 жылға тыйым салған жоқ па?! Ол басқа да тізімдерде тұр деп ойлаймын, – деді Абзал Құспан.

Агент пен куратор

"Досье" орталығы Қуат Ахметовті ұстау үшін Украинаға барған агент деп көрсеткен 39 жастағы Виктор Александрович Васильев, "Роспаспорт" базасының дерегінше, 2018 жылы бұрынғы Луковенко деген тегін ауыстырған.

Виктор Луковенко – Мәскеу мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітірген, неонацистік ортада танымал белсенді, "Русский вердикт" деген ақпараттық-құқық қорғау ұйымының мүшесі болған. Ол ұйым кісі өлтірген, бұзақылық жасаған немесе экстремистік іс-әрекеті үшін сотталған оңшыл радикалдарға көмектеседі.

2009 жылы әсіреоңшыл радикалдар "Орыс шеруін" ұйымдастырған күні Виктор Луковенко Мәскеу метросында шетел азаматын өлтіргені үшін 2011 жылы ақпанда 8 жылға сотталған.

Бес жылдан кейін шартты жазамен түрмеден босап шыққан соң берген сұхбатында ол "орыс екенімді әділетсіздік, азап көрген соң түсіндім. Халқымның жойылып бара жатқанын байқаған соң ұлтшыл болдым", – дейді.

Қазір ол әлеуметтік желіде, ресейлік медиада өзін "саяхатшы, африкатанушы, саяси технолог" деп таныстырады, Африка құрылығында миссия арқалап жүргенін меңзейді. Ресейлік YouTube-арнаға берген сұхбатында әдеттегі Кремль пропагандашыларының риторикасынан танбайды.

– Қазір Батыс Африкада Ресейдің ауқымды геосаяси жобалары жүзеге асып жатыр. Оның бәрі африкалық мемлекеттердің игілігіне және геосаясаттағы қарсыластарымызға бағытталған, – деді Васильев былтыр қыркүйекте "Пушкин в Африке" деген YouTube-арнасына берген сұхбатында.

Ресей қарулы күштері бас штабының бас басқармасы (ГРУ) ғимараты. Мәскеу, 14 шілде, 2018 жыл.
Ресей қарулы күштері бас штабының бас басқармасы (ГРУ) ғимараты. Мәскеу, 14 шілде, 2018 жыл.

Азаттық "Досье" орталығы деректерінде "Ресейдің агенті" деп көрсетілген Виктор Васильевтің әлеуметтік желідегі парақтарына сұрақтар жолдады, бірақ одан жауап келмеді.

"Досье" журналистері Виктор Васильевтің "кураторы" болған Денис Смолянинов деген адамның ресейлік ГРУ қызметкері екеніне көз жеткізіп, оған хабарласқанын жазды. Полковник агент Васильевті танитынын я танымайтынын білу үшін журналист онымен полиция қызметкері болып сөйлескен. Әңгіме барысында полковник Смолянинов Виктор Васильевтің Ресей агенті екенін растаған.

– Алло, бұл Денис Александрович пе?

– Иә.

– Сәламатсыз ба! Менің сойым Павлов, аға жедел уәкілмін, аты-жөнім – Александр Владимирович. Бізге Виктор Александрович Васильев деген адам түсті, 1985 жылы туған. Ол 159-бап, яғни алаяқтық бабы бойынша күдікпен ұсталды. Ол қорқынышты оқиғаларды, кімге жұмыс істейтінін айтып отыр...

– Қандай мекемеге жұмыс істейтінін түсіндім, мекеме атауын дұрыс айтты ғой, иә?

– Иә, "Ресей бас барлау басқармасы" деп кәдімгідей айтып отыр.

– Бүлдірген екен, сырт пошымы қандай оның?

– Түрі болғанда, әбіржіп кеткен.

– Иә, түсініңізші, айтып тұрғаны рас, мені қайдан білетіні рас, мекеменің атын бүркеніп тұрғаны рас.

– Ол арнайы әскери операцияға дейін сол мекемеде жүргенін айтты. Украинада болғанын, соғыс басталуына бір күн қалғанда шығарып алғанын айтты.

– Кім туралы айтып отырғаныңызды шамамен түсініп отырмын. Ол онда ақпараттық жағынан вагнерліктермен жұмыс істеген бе, сұрауға бола ма?

– Ол Пригожин туралы ештеңе деген жоқ, нацболдармен, ұлтшылдармен байланыс орнатқанын айтты.

– Иә, түсіндім, кім екені түсінікті. Қазір сізге хабарласамын, жарай ма?

– Қысқасы былай, тыңдаңыз. Мен білетін ол адамның сіз айтқан жерде отыруы мүмкін емес. Болмаса, ол адамды білетін біреу болуы мүмкін, соның атын жамылып отырған шығар. Ол адам қазір өте шалғай жерде жүр. Сондықтан сіздердегі адам басқа біреу. Маған оның көп нәрсе білетіні қызық болып отыр. Білесіз бе, тіпті ол менің телефонымды да білмеуі керек еді. Міне, солай, сізге айтпағым – осы.

"Досье" орталығының дерегінше, Денис Смолянинов Ресей арнаулы қызметінде көбіне психологиялық операциялармен айналысады. Жеке әскери компанияларды қадағалайды, Украинаға агенттер жібереді, фейк тарататын telegram-арналар ашып, ақпараттық күрес жүргізеді.

Ресей арнаулы қызметінің украиналықтарды ұрлап, Ресей абақтысына қамағаны туралы ақпараттар болған. Мысалы, украиналық "УНИАН" басылымның журналисі Дмитро Хилюктің Ресей абақтысында жатқанына үш жылға жуықтаған. Ресей әскері оны Киев маңындағы ауылдан ұрлап әкеткен. Мәскеу оған әлі айып тақпаған, бірақ ол қамауда отыр.

Украина қауіпсіздік қызметінің ардагері Виктор Ягунның айтуынша, соғысқа дейін Ресей агенттері Украинада емін-еркін жүрген. "Бірақ шетелдік азаматты өзге елдің арнаулы қызметі ұрлап әкеткен жағдай сирек болды" деді Виктор Ягун. Ол Совет одағы кезіндегі мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) ұлтшылдарға қарсы жүргізген саясатын Ресейдің қазіргі билігі де ұстанып отыр деп санайды.

– Совет кезінде одақтың барлық арнаулы қызметі украин ұлтшылдарының ұйымына қарсы қатты жұмыс істегені ешкімге құпия емес. Украин ұлтшылдарының жетекшілері Лев Ребет пен Степан Бандераны Германияда ампула немесе қышқыл заттар сияқты арнайы зат қолданбай-ақ өлтірді. Кейін неміс билігіне өз еркімен берілген советтік КГБ агенті Богдан Старшинский олардың өлтірілгенін мойындады. Иә, расымен олар украин ұлтшылдарын зор қауіп санайтын. Соларға қарсы совет үкіметінің "антибольшевиктік халықтар блогы" дейтін арнайы ұйымы болатын. Айтпақшы, сол қазір Ресейде қарқын алып жатыр және атауы сәл өзгеше – "империяға қарсы халықтар блогы" деп аталады. Олардың мақсаты – Ресей империясы құрамында болған халықтарды біріктіру, – деді Украина қауіпсіздік кеңесі төрағасының бұрынғы орынбасары Виктор Ягун.

Қуат Ахметов қазір отбасымен Түркияда тұрып жатыр. Ол "Қазақстанға қазір оралсам, мені қудалайтыны анық" дейді. Елдегі және шетелдегі тіл белсенділерімен байланысын үзбеген ол қазақ тілін қорғайтын халықаралық комитет құрғысы келетінін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG