Accessibility links

Ақтаудағы ұшақ апаты: "Росавиация" тергеу бойынша ақырғы құжатты күтуге шақырды


Ақтау маңында құлаған ұшақ. 25 желтоқсан, 2024 жыл.
Ақтау маңында құлаған ұшақ. 25 желтоқсан, 2024 жыл.

Ресейдің әуе кеңістігіне жауапты "Росавиация" Ақтаудағы ұшақ апаты бойынша Қазақстан жариялаған алдын ала есеп туралы пікір білдірді. Агенттік Қазақстан үкіметі жариялаған есеп алдын ала әзірленген құжат қана екеніне, онда апат себептері туралы нақты тұжырым жасалмағанына назар аударып отыр.

– Алдын ала есепте ұшаққа бөгде заттар тигенін көрсететін соққы іздері бары айтылған. Бірақ қазақ тарабы ұшақ сыртындағы бұл іздер нақты неден болғанын есепте көрсетпеген. Бұл бөлшектер Ресейге сараптамаға берілмей отырғандықтан, ол заттардың не екенін анықтауға [Мәскеудің] мүмкіндігі болмай отыр, – деп мәлімдеді "Росавиация".

Агенттік есепте "Ресей аумағындағы әуежайлар ұшақты қабылдауға әзір болғанына қарамастан, экипаждың өзі Ақтауға қонуды таңдағаны" жазылған деді. "Ұшаққа құс соғылды" деген ақпаратты да диспетчерге ұшқыштар хабарлағанын атап өткен.

– [Тергеу бойынша] комиссия жұмысы жалғасады, оқиға бойынша қорытынды ақырғы есепте болады, – деді "Росавиация".

Ал Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков алдын ала есеп туралы пікір білдіруден бас тартты.

"Ресейдің тиісті органдары бұл есеппен мұқият танысып жатыр. Президент әкімшілігі есеп туралы әзірше пікір білдіре алмайды", – деді Песков сәрсенбідегі брифинг кезінде журналистерге.

4 ақпан кешке Қазақстанның көлік министрлігі 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау маңында құлаған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағы апатын тергеудің алдын ала қорытындысын жариялады.

Онда ұшақ Грозный аймағында болған кезде екі рет "соққы дыбысы" жазылып қалғаны айтылған, осыдан кейін ұшақтың басқару жүйесі істен шығып, салонда саңылау пайда болған.

Қазақстанның көлік министрлігі мен ұшақ апатын зерттеу жөніндегі комиссия әзірлеген құжатта ұшақ қаптамасын тесіп өткен іздер әуе кемесіне "сырттан бөгде заттар тигенін көрсетеді, киль мен тұрақтандырғыш тетікке көп зақым келген" деп жазылған.

"Тергеу жөніндегі комиссия ұшаққа қадалған бөгде заттарды алу жұмыстарын Бразилия Федеративтік Республикасының, Әзербайжан Республикасының және Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының уәкілетті өкілдерінің көзінше жүргізді. Нәтижесінде ұшақтың зақымдалған тұстарына қадалған бөгде заттар көп алынды. Бөгде заттардан қалған тесіктердің сипаты мен неден пайда болғанын анықтау үшін тиісті зерттеулер мен сараптамалар жүргізілетін болады", – деп жазылған алдын ала есепте.

Қазақстан тарабы алдын ала қорытынды аясында жүргізілген жұмыстар "әлдекімнің кінәсі мен жауапкершілігін анықтауды көздемейтінін" айтып отыр.

Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer ERJ 190-100 жолаушы ұшағы былтыр 25 желтоқсанда Ақтау маңына құлады. Қаза тапқан 38 адамның алтауы – Қазақстанның, 25 адам – Әзербайжанның, жетеуі - Ресей азаматтары.

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев ұшақ апатына "Ресейдің өкілдері жауапты" деп мәлімдеді. Әлиев Ресейден кінәсін мойындауды және осы оқиғаға кінәлілерді жазалауды талап етті. Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауына байланысты кешірім сұрағанымен, жауапкершілікті мойнына алған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG