"Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, 15 күнге қамалған журналист Әсем Жәпішева 4 ақпанда бостандыққа шықты.
Ол 20 қаңтарда Алматыда Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті қолдап, пикет өткізген еді. Кейін "Бейбіт жиын заңын" бұзды деп қамауға алынған.
Жәпішеваны әкімшілік жазаға тартылғандарды қамау орнының алдында дос-жақындары күтіп алды.
Журналист өзін 15 күнге қамауға қаулы шығарған сот шешіміне келіспейді. Ол мұны сөз еркіндігін шектеу деп есептейді. Ол "Сатира – қылмыс емес" деген жазуы бар жейде киіп шықты.
– Сот онлайн өтті, бұл – заңсыз. Карантиннен бастап онлайн сот деген күшті болды, процесті 1-3 минутта өткізіп, адамдарды жаба салады. Прокурор да, судья да перформанс, сатира деген не екенін білмеді. "Бейбіт жиын туралы" заң Конституцияға қайшы келеді, [әкімдіктен] рұқсат беру деген болмауы керек. Оны [президент Қасым-Жомарт] Тоқаевтың өзі айтты, бірақ заң қағаз жүзінде өзгергенмен, іс жүзінде өзгерген жоқ, – деді Жәпішева.
Журналист әрекетін "саяси перформанс" деп атады, оны заңсыз деп есептемейді. "15 күн отырып шыққанымды заңды деп санамаймын" деді ол.
– Темірлан цензураға қарсы шықты. Сатира, әзіл арқылы Тоқаевтың шын келбетін ашық көрсетті. Әрине, бұл билікке ұнамайды. Себебі оларға шындық жақпайды. [Темірланның ісіне "Йоу, орыстар!" деген] әннің ешқандай қатысы жоқ. Оны Қаңтар, Тоқаев туралы шығарған жазбалары үшін жауып отыр, – дейді Жәпішева.
18 қаңтарда Алматының тергеу соты "әлеуметтік желіде ұлтаралық араздық қоздырды" деген күдікпен айып тағылған Темірлан Еңсебекті екі ай мерзімге тергеу абақтысына қамаған. Белсендінің жақтастары Темірлан саяси астармен қудалауға түсіп жатыр деп біледі.
Қазірге дейін белгілі деректерге сай, Qaznews24 авторының үстінен қылмыстық іс былтыр қаңтарда жарияланған кезекті сатиралық постқа байланысты қозғалған. Ол жазбада ресейлік тележүргізуші Тина Канделакиге (сол кезде ол Қазақстандағы орыс тілінің мәртебесі туралы айтылған сөздерді сөгіп, пікір білдірген – ред.) қазақстандық рэп-әншілер "Йоу, орыстар!" деген әнмен жауап берді деп жазылған. Әннің мазмұнында балағат сөздер бар.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі Темірлан Еңсебектің үстінен қозғалған іс сатираға байланысты емес деді. "Ол тұтас бір этнос өкілдерін қорлайтын, ұлтаралық алауыздық қоздыратын айқын белгілері бар материал жариялады" деді полиция.
Бұған дейін International Partnership for Human Rights, Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті босатуға үндеген. Сатиралық паблик авторының үстінен іс қозғалғанын тәуелсіз сарапшылар да сынға алды.
Қазақстанда 2020 жылы "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанымен, құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынға алып келеді. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Ал "рұқсат етілмеген" шараға барғандар әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Астананы осы шектеулерді алып тастауға үндеген.
ПІКІРЛЕР