АҚШ президенті Дональд Трамп Мексикадан келетін тауарларға жаңа баж салығын енгізуді бір ай кейінге қалдырды. Мұның алдында Мексика билігі есірткі трафигімен күресу үшін солтүстіктегі шекарасына 10 мың сарбаз жіберіп, сондағы күзетті күшейтуге келіскен. Жаңа тарифті енгізу 30 күнге жылжытылғаны жөнінде Канада премьер-министрі Джастин Трюдо да хабарлады, ол да шекарадағы қауіпсіздікті күшейтуге уәде берді.
Трамп Мексика мен Канададан импортталатын тауарлардан 25 пайыз, ал Қытай тауарларынан 10 пайыз баж салығын алмақ болған еді.
BBC агенттігінің жазуынша, Қытайға байланысты шешім сейсенбі күні Вашингтон уақытымен түн ортасында күшіне енді, Пекин бұған дереу жауап қайтарды.
Қытайдың қаржы министрлігі АҚШ-тан импортталатын көмір мен сұйылтылған табиғи газға 15 пайыздық тарифтер, сондай-ақ мұнай мен басқа да америкалық тауарлардың, оның ішінде автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникаларына 10 пайыздық баж салығын енгізетінін мәлімдеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай басшысы Си Цзиньпинмен сөйлесуді жоспарлап отырғанын айтқан еді. Қытай билігі қарымта жауап келесі дүйсенбіде күшіне енеді деп мәлімдеді.
Трамп Канада, Мексика, Қытайдан кейін тариф Еуроодақтан импортталатын тауарларға да бекітілуі мүмкін деді. Бірақ қашан, қандай шамада екенін нақтыламады.
Сарапшылар Ақ үйдің шешімі мен қарымта жауаптың көбеюінің арты жаһандық сауда-саттық тайталасына әкелуі мүмкін деп болжап отыр.
ПІКІРЛЕР