Жүздеген елді мекенге тасқын қаупі төніп тұр, ТЖМ дайынбыз дейді

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов.

Қазақстанның бес өңіріндегі жүздеген елді мекенге тасқын қаупі төніп тұр. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов "бәрін топан су басып кетпейді, бірақ қатер бар" деді.

Министрдің дерегінше, Батыс Қазақстан облысында – 186 елді мекенге, Қарағанды – 150, Ақмола – 144, Солтүстiк Қазақстан – 116, Шығыс Қазақстанда 72 елді мекенге қауіп бар.

– Су тасқыны бойынша нақты 1400 іс-шара істеліп жатыр, бізде жаңадан құрылған төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің өкілдері ақпанда дайындықты тексереді. Комиссия өңірлердің бәрін аралап, тексеріп шыққан соң қорытындысын береміз, – деді Әрінов.

Министрдің сөзінше, цифрлық даму министрлігінің бастамасымен Tasqyn деген жүйе құрылып, төтенше жағдайлар қызметінің орталығына енгізілген. Әрінов қазір ол жүйе жетілдіріп жатыр деді.

– Оның іс жүзіндегі нәтижесін алдағы су тасқыны кезінде көреміз. Қазір күнделікті ақпарат алып жатырмыз. Бүгінге дейін ақпарат объективті болды. Былтыр өңірлерде техника тапшы болған, енді тәжірибе, алған сабақ бар, биыл дер кезінде жеткізіледі, – деді министр.

Әрінов биыл да су тасқынына дайын екенін мәлімдеді. Сөзінше, ТЖМ былтыр да "дайындығын көрсеткен". "Бірақ көрсете алмады ғой" деген журналист пікіріне Әрінов:

– 120 мың адам, 45 мың бала, ешкімді өлімге алып кеткен жоқ, 80 жыл болмаған топан суға төтеп бердік, қанша жұмыс атқарылды, оны айтуымыз керек, – деп жауап қатты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Президент күзетінен министр қызметіне дейін барған Әрінов жұрт алдына неге сирек шығады?

Шыңғыс Әрінов 18 жыл бойы мемлекеттік күзет қызметінде жұмыс істеп, 2024 жылы ақпанда төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалған. Былтыр оның бұл салада тәжірибесі мүлде жоқтығын меңзеген журналистерге "су тасқынына дайынмын" деген еді.

Арада бір жарым ай өткенде жердің тоңы жібімей жатып күрт еріген қалың қар суы мен арнасынан асқан өзен суы елді мекендерді басып, жұрт үйінен, мал-мүлкінен айырылды. 17 облыстың онын су алып, сегіз облыста төтенше жағдай жарияланған.

Былтыр сәуірде төтенше жағдайлар министрлігі Атырау облысы Құлсары қаласында тасқыннан төрт адам опат болғанын мәлімдеген. Бұдан бөлек, Ақтөбе өңірінде еріген қар суына батып мерт болған екі баланың ажалына "тасқынның қатысы жоқ" деді жергілікті билік. Ал Абай облысында өзен тасып жатқанда төрт адам хабарсыз кетті.

БҰҰ былтыр көктемде Құлсарыда болған апаттың салдарын азайтуға болар еді деп жазған. Су тасқынынан кейін Құлсарыға жақын маңнан өтетін Жем өзенінің жоғарғы жағында бірде-бір гидропост жоқ екені белгілі болды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Далада қалатын түріміз бар". Тасқын кезінде баспанасыз қалғандардың уайымы