Ресейлік депутат Сергей Мироновтың былтырғы қазан айында жария болған пікірі Өзбекстанда біраз дүрбелең тудырды. Ол жыл сайын Ресейге жұмыс іздеп баратын Өзбекстанның екі миллион азаматына виза беруге шектеу қоюға шақырған еді.
Бұлай деуіне не себеп болды?
Мироновтың мәлімдемесінен бұрын Ресейдің Қазан қаласындағы Өзбекстан консулдығы хабарлама таратып, елінің азаматтарына шетелдік әскери қақтығысқа қатысудың қаупі туралы ескертіп, ондай әрекет үшін елде 10 жыл мерзімге дейін түрме жазасы қарастырылғанын еске салды.
Мироновтың ұсынысы әлеуметтік желінің өзбек сегментінде біршама шу тудырды. Ресейлік депутаттың пікіріне кемінде екі өзбек депутаты жауап қайтарды. Ресейлік саясаткерлердің Өзбекстанның ішкі ісіне араласуына және елді қорқытуына наразы жұртшылық ашу-ызасын білдіріп, пікір жаза бастады.
Әйтсе де, жуырда Өзбекстанда шыққан сот үкімдеріне сүйенсек, Украинадағы жаппай соғысқа Ресей жағында қатысқаны үшін сотталған азаматтар заңда көрсетілгендей 10 жылға сотталмай, одан әлдеқайда жеңіл жаза алған.
Өзбекстанмен көрші Қырғызстан Ресейдің арбауымен соғысқа қатысқан мигрантты жазалау мәселесінде Мәскеудің ығына жығылғаннан кейін, қарулы қақтығыс басталған кезбен салыстырғанда, Орталық Азиядағы екі ел азаматтарының Кремльдің шақыруымен соғысқа қатысуына кедергі жасайтын құқықтық факторлар әлдеқайда әлсірегендей көрінді.
ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ
Украинада Ресей жағынан соғысып жүрген Қазақстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан азаматтары туралы нақты дерек жоқ.
Әйтсе де, Киевпен салыстырғанда, Мәскеу үшін соғысып жүрген Орталық Азия елдерінің азаматтары әлдеқайда көп деген мәліметтер бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украина әскеріндегі қазақ: Екі баламның бойында украин қаны бар, оларды қорғау – парызым ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қарағандыдан Донбассқа соғысқа аттанған екеу кебін киіп оралдыРесейдің еңбек нарығында көптеп жүрген Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан азаматтары Кремльдің арбауына көбірек түсіп қалатынын байқауға болады.
Бұл жағдай Ресейдің Орталық Азия аймағындағы серіктерін ыңғайсыз жағдайда қалдырады, себебі аймақ елдерінің ешқайсы азаматтарының Ресей азаматтығын жылдам алу және басқа да материалдық игілік үшін соғысқа қатысуын құптамайды, мұндай ұсынысты қабылдағанын қаламайды.
2023 жылдың мамыр айында Қырғызстан соты осы елдің азаматы Асқар Құбанышбекұлын Ресей әскері сапында соғысқа қатысқаны үшін 10 жылға бостандығынан айырды.
Қырғызстанның заңы ел азаматтарына шетелдегі соғысқа қатысуға тыйым салады. Бұл талапты бұзғандарға 15 жылға дейінгі мерзімге бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған.
Ресейдің ресми тұлғалары Асқар Құбанышбекұлын соттауға наразы екенін жасырмады.
2023 жылдың жазында Ресей президенті жанындағы азаматтық қоғам мен адам құқын дамыту кеңесінің мүшесі Кирилл Кабанов мәлімдеме жасап, Бішкек Құбанышбекұлын босатпайтын болса, Мәскеу "Қырғызстан билігі жол беріп отырған [айқын] дұшпандық әрекетке қысым көрсетудің барлық тетігін қарастыруы керек" деді.
Былтырғы қаңтар айында жазасы жеті жыл шартты жазаға ауыстырылған Асқар Құбанышбекұлы түрмеден шықты, ол үш жыл бойы пробациялық бақылауда болуы керек еді.
Алайда ол бақылауда болған жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бішкек соты Украинадағы соғысқа катысқан азаматқа пробациялық бақылау тағайындап босаттыҚырғызстанның пробация қызметінің өкілдері Жоғарғы соттан тиісті құжаттарды алмағанын мәлімдеді, ал сәуір айының аяғында Құбанышбекұлы жаңа әскери келісімшартқа отыру үшін Ресейге аттанып, Ресей азаматтығын алды.
Кремль қаржыландыратын RT телеарнасына берген сұхбатында Асқар Құбанышбекұлы осы арнамен қатар басқа да ресейлік ақпарат құралдарына басынан өткен жағдайды жария еткені үшін алғыс білдіріп, "Отанын – Ресейдің мүддесін қорғауға аттануға" уәде берді.
Шілде айында Қырғызстан президенті рақымшылық жариялап, Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қатысқан тағы бір қырғыз азаматы Бекназар Бөріғұлұлы бостандыққа шықты. Ол Ресей түрмесінде отырғанда Вагнер тобының арбауына түскен.
Қырғызстан түрмесінде ол бір жылға жетер-жетпес уақыт қана отырды.
"ҚҰДДЫ АРНАЙЫ АКЦИЯ СИЯҚТЫ"
Ресей атынан соғысқан қырғызстандықтардың аты-жөні белгілі болса, Өзбекстанда Украинамен қарулы қақтығысқа қатысқаны үшін сотталғандар туралы дерек белгісіз.
Сондай-ақ, Ресей жағынан қысым болған-болмағаны да беймәлім.
Жергілікті БАҚ қылмыстық іс туралы өзбек соттары таратқан ақпаратты жариялады.
Былтыр Өзбекстанның оңтүстік-шығысындағы Қашқадария облысының соты Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін жергілікті тұрғынды алты жылға қатаң режимдегі түрмеге жапты. Ол Ресей үшін соғысқан.
Сот айыпталушының майданда бірнеше күн ғана болғанын есепке алды, одан кейін жараланып, Ресейдің ауруханасында емделген екен. Кейін Өзбекстанға оралып, қылмыс жасағанын мойындаған.
Қаңтар айында апелляция соты оның жазасын жеңілдетіп, алты жыл шартты мерзім тағайындады.
Апелляциялық шағымда айыпталушының адвокаттары қорғауындағы азаматтың қатерлі ісікке шалдыққанын айтты. Әйтсе де, Өзбекстанның жазалаушы құқықтық жүйесінде онкологиялық ауру әрдайым жазадан құтқармайтынын қаперге алған жөн.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Соғыста өлген 68 мың орыс сарбазы анықталды. Арасында Орталық Азия азаматтары да барАзаттықтың Өзбек қызметі берген мәліметтерге сүйенсек, былтырғы жылдың екінші жартысында Украинадағы соғысқа қатысқан кемінде төрт Өзбекстан азаматына сот бас еркіндігінен айыру түрінен басқа жаза кескен.
Әндіжан қаласының сотында жауап берген өзбек азаматтардың бірі тыңдау кезінде майданда "оннан аса украин сарбазын өлтіргенін" мойындады.
Өзін ақтау үшін мұндай әрекетке ақша үшін барғанын айтты. Оған 4500 доллар береміз деп, ал шын мәнінде одан үш есе көп төлепті. Айыпталушы отбасындағы жалғыз асыраушы екенін, үш баласы барын айтты.
Сот айыпталушының бостандығын төрт жыл екі ай мерзімге шектейтін үкім шығарды.
Мұндай жұмсақ үкімдер Украинаның назарынан тыс қалған жоқ.
"Украина – Центральная Азия" telegram-арнасының авторы, журналист, Азаттықтың Украин редакциясымен серіктес Григорий Пырлик өзбек азаматына жаза кескен Әндіжан соты "айыпталушының балаларын украин балаларынан жоғары қойды" деп санайды.
Пырлик келтірген деректерге сүйенсек, Ресей бастаған соғыс кесірінен 13 мың украин баласы әкесінен не анасынан айырылып, мыңнан астам бала тұл жетім қалған.
Өзбек журналисі Мухрим Азамходжаев та жеңіл жаза кесуді сынға алды.
"Құдды бір арнайы акция сияқты, "Ресей әскері қатарына қосыл, Украинаға қарсы соғыс және тапқан ақшаңа Өзбекстанда бақытты өмір сүр" деп жатқандай", — деді Азамходжаев.