Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі Еуроодақтың Ресейге қарсы 16-санкция пакетіне ілігуі мүмкін деген елдегі екі компания туралы қолында ресми ақпарат жоғын айтты. Вице-министр Қайрат Төребаев Еуропа одағы Қазақстандағы компанияларды санкция тізіміне қосу-қоспауды егжей-тегжейлі зерттеген соң шешім қабылдайды деп мәлімдеді.
– Санкция мәселесі өте күрделі. Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің қарамағында жұмыс тобы бар, онда министрліктің бәрі санкция мәселесін қарастырады. Бізде бірнеше адам санкциялар жөнінде Еуроодақпен және АҚШ-пен тікелей байланыста, – деді сауда және интеграция министрінің орынбасары Төребаев.
Ол бұл мәселеге қатысты Астана барлық ақпарат пен тетікті беріп отыр деді. Шенеуніктің айтуынша, Қазақстан санкциялар бойынша бейресми түрде келіссөздер жүргізіп жатыр.
"Қазақстандағы компаниялар санкция пакетіне ілігетін болса, не істейсіздер?" деген Азаттық сұрағына сауда және интеграция вице-министрі "бізде әртүрлі хаттама бар, [алда] олардың қандай мәселе бойынша анықталғанын көреміз" деп жауап қатты.
Еуроодақтың Ресейге қарсы 16-санкция пакеті жобасында Қазақстандағы Kazstanex және "Металлстан" деген компаниялар аталған. Еурокомиссия құжатының жобасы Азаттықтың қолына түскен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Еуроодақтың кезекті санкция тізімінде Қазақстанда тіркелген компания барЖақында Астанаға сапарлап келген Еуроодақтың санкция жөніндегі арнайы уәкілі Дэвид О’Салливан үкімет өкілдерімен кездесуде Қазақстан Батыс санкциясын айналып өту алаңы болмас үшін қандай амалдар қабылдануы қажет деген мәселені талқылағанын айтты. Ол бұл тенденция едәуір қысқарғанын айта келе, Қазақстан үкіметімен "әріптестікті нығайта отырып, әрі қарай да амалдарын табамыз деген сенімдеміз" деді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Еуроодақтың уәкілі санкцияға енетін қазақстандық компаниялар туралы сұраққа жауап бердіБылтыр қарашада сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Батыстың санкциясына ілінген қазақстандық компанияларды "бір күндік компаниялар" деп атаған.
Қазақстан билігі Ресейге қарсы санкциялық режимді қолдамайды. Бірақ Батыстың Мәскеуге салған "экономикалық шектеулерін айналып өтуге көмектесіп отырған жоқпыз, территориямызды мұндай мақсатқа пайдалануға жол бермейміз" деп бірнеше рет мәлімдеген.
Биыл жазда Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Bloomberg ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Ресейге салынған Батыс санкциялары өз саласында негізгі жұмыс беруші болып отырған отандық компанияларға зиян тигізген жағдайда, Қазақстан санкция ережелеріне көзсіз мойынсұнбайды деп мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп пен Путин кездесуі, Қазақстанның мүддесі және санкция қатері