3 ақпан кешке Орал іргесіндегі 12 мыңдай адам тұратын "Құс фабрикасы" саяжайының халқы маңайдағы жолды жауып тастады. Электр энергиясына жауапты компания саяжайдың жарығын миллиондаған қарызы үшін кесіп тастап, күні бойы жұртты жылусыз, жарық пен сусыз қалдырған. Бұл туралы жергілікті Sarapshy.info сайты хабарлады.
Саяжай тұрғындары жарық ақысын уақытында төлегенін айтқан. Ал жарық беруші компания саяжайдың қазір 71 млн теңге қарызы барын алға тартқан.
"Құс фабрикасы" бау-бақша серіктестігінің қазіргі төрағасы Асхат Әнесұлының сөзінше, өзіне дейін басшы болған адам ақшаны "Батыс Қазақстан аймақтық электр желісі компаниясына" төлемей келген.
– Ақшаны төлеп үлгерген жоқпын. Маған төле деп жатыр. Әлі электр желісі компаниясымен келісімшартқа отырған жоқпын, – деді ол.
Тұрғындар осы уақытқа дейін электр энергиясына ақшаны бұрынғы төрағаның Kaspi-нөміріне аударып отырғанын айтады. Кейде серіктестік төрағасы отырған кеңсеге барып, қолма-қол төлеп жүріпті.
– Қыстың күні үйдің іші салқын. Балалар сабақтан келді. Халық ашынғаннан осында шықты. Бұрынғы төрағаның қарызы жабылмай, жарықты қоспаймыз дейді. Осы уақытқа дейін бұрынғы төраға қарызды неге жаппаған? Оған неге халық кінәлі?, – деді Азиза есімді "Құс фабрикасы" саяжайының тұрғыны.
Sarapshy.info тілшісінің ақпаратынша, бау-бақша серіктестігінің бұрынғы төрағасы наразылықта болмаған. Жиналғандарға қала әкімдігі мен прокуратура өкілі барған. Компания жарықты қайта қосып, қарыз жөнінде келіссөз жүргізетін болды. Әкімдік тұрғындармен ақылдасып, алда не істейтінін шешпек.
Баспана мен жер алуды қалтасы көтермейтіндерге саяжайлар тұрақты мекенге айналып кеткен. Қазақстанда жүздеген мың адам "дачаларда" тұрып жатыр. Олар саяжайдағы су, жарық, жылу мәселесін көтеріп, жиі наразылық білдіреді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Атырауда саяжай учаскесінің халқы әлеуметтік мәселелерін шешуді талап етіп жиналды