3 ақпанда Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті қамаудан босатып, оған тағылған қылмыстық айыпты алып тастауға үндеді.
"Бұл жерде қылмыс жоқ, мұнда билік қылмыстық құқықты теріс пайдаланып отыр", – деді Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша аға зерттеушісі Мира Риттманн.
HRW зорлық-зомбылық, кемсіту және өшпенділік тудыратын мәлімдемелерге қарсы қылмыстық заңдар мұндай зорлық-зомбылық, кемсіту я өшпенділік сөзсіз болған жағдайды қарастыруы керек деді. Қылмыстық заңдар ешқашан қорлық сөзге қатысты қолданылмауы керек деп мәлімдеді ұйым.
"Кейбір адам әннің мәтінін қорлық деп санауы мүмкін, Еңсебектің Instagram-дағы жазбасы бір жылдан астам уақыт бұрын жарияланған, олардың ешқайсысы зорлық-зомбылыққа, кемсітуге немесе өшпенділікке итермелеген жоқ, тіпті ондай қауіп төндірген жоқ", – деді HRW.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Адвокат қамаудағы Темірлан Еңсебектің телефоны мен ноутбугын әлдекімдер ашқанын айттыТемірлан Еңсебектің үстінен Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" деп аталатын 174-бабы бойынша іс қозғалған. Бұл бапта айыппұлдан бастап, екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған. Медиа саласына маманданған заңгерлер Қазақстанда бұл бап көбіне саяси мақсатта қолданылады деп есептейді.
HRW мен басқа да құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігі "араздық қоздыру" туралы Қылмыстық кодекстің 174-бабына өзгерту енгізуі керек деп бірнеше рет мәлімдеген. Ұйымдар мазұмны бұлыңғыр және ауқымы кең осы бапты билік адамдарды пікір-көзқарасы мен жүріс-тұрысына байланысты қылмыстық жауапқа тартуға қолданады және қолданып та жүр дейді.
"Қазақстан сөз еркіндігі мен бейбіт жиын өткізу құқығын қолдап, Еңсебекке тағылған қылмыстық айыпты алып тастап, оны босатуға тиіс. Сатира да, блогердің қамалғанына қарсы бейбіт жиын да – қылмыс емес", – деді Риттманн.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандағы орыстар Qaznews24 сатиралық паблигі авторына араша түсіп, қол жинап жатыр18 қаңтарда Алматының тергеу соты "әлеуметтік желіде ұлтаралық араздық қоздырды" деген күдікпен айып тағылған Темірлан Еңсебекті екі ай мерзімге тергеу абақтысына қамау жөнінде шешім шығарған. Белсендінің жақтастары Темірлан саяси астармен қудалауға түсіп жатыр деп біледі.
Қазірге дейін белгілі деректерге сай, Qaznews24 авторының үстінен қылмыстық іс былтыр қаңтарда жарияланған кезекті сатиралық постқа байланысты 2024 жылғы мамырда қозғалған. Ол жазбада ресейлік тележүргізуші Тина Канделакиге (сол кезде ол Қазақстандағы орыс тілінің мәртебесі туралы айтылған сөздерді сөгіп, пікір білдірген – ред.) қазақстандық рэп-әншілер "Йоу, орыстар!" деген әнмен жауап берді деп жазылған. Әннің мазмұнында балағат сөздер бар.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі Темірлан Еңсебектің үстінен қозғалған іс сатираға байланысты емес деді. "Ол тұтас бір этнос өкілдерін қорлайтын, ұлтаралық алауыздық қоздыратын айқын белгілері бар материал жариялады" деді полиция.
Бұған дейін International Partnership for Human Rights (IPHR) халықаралық құқық қорғау ұйымы да Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті босатуға үндеген. Сатиралық паблик авторының үстінен іс қозғалғанын тәуелсіз сарапшылар да сынға алды.
Қазақстан билігі елде саяси ой-пікір, көзқарасына бола қудаланғандар жоғын үнемі айтады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басылымға берген сұхбатында: "Біздің заңнамада азаматтардың саяси көзқарастары үшін қудалануына жол ашатын бірде-бір бұйрық, заң немесе нормативтік құжат жоқ" деп мәлімдеген.
Темірлан Еңсебектің істі болып, қудалауға түскені алғаш рет емес. 2021 жылы мамырда полиция оның пәтеріне тінту жүргізген. Ол жолы тергеу орындары "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған еді. Ол іс бойынша "қорғауға құқығы бар куәгер" атанған Еңсебек өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған.