Ақтаудағы ұшақ апатын тергеудің алдын ала қорытындысы алдағы күндері шықпақ

Ақтау қаласының маңына 25 желтоқсанда Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer E190 жолаушы ұшағы құлаған жер. Маңғыстау облысы, 27 желтоқсан, 2024 жыл.

Қазақстанның көлік министрлігі Ақтау қаласы маңындағы ұшақ апатын тергеудің алдын ала қорытындысы алдағы күндері жарияланады деп хабарлады. Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары есеп қаңтардың аяғына қарай жарияланады деп айтқан.

4 ақпанда көлік министрі Марат Қарабаев "мамандар көп жұмыс істеп жатыр, есепті аяқтап қалды" деп мәлімдеді.

"Ұшақ апатын тергеуге халықаралық сарапшыларды тарттық деп бұған дейін де айтқанбыз. Олардың бәрі бірге жұмыс істейді. Тергеу аяқталып қалды. Алдағы күндері алдын ала есеп шығады деп күтіп отырмыз. Ол біздің ресми сайтта жарияланады. Мамандарға жұмысты аяқтауға уақыт қажет. Алдағы күндері есеп шығады деп уәде беремін. Өзім жеке танысып шықтым", – деді министр Қарабаев.

Ұшақ апатын тергеуге Әзербайжан, Ресей, Бразилия мен Нидерланд сарапшылары қосылған.

IKAO (Азаматтық авиация жөніндегі халықаралық ұйым) ережесі бойынша, алдын ала есеп ұшақ апатынан кейін 30 күн ішінде жариялануы керек. Қаңтардың басында ұшақтың қара жәшіктеріндегі мәліметтерді саралау аяқталып, деректер Қазақстанға жіберілген.

Бұған дейін Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) Ақтау қаласы маңында болған ұшақ апатын мұқият, бейтарап және ашық тергеуге үндеген.

Әзербайжанның Azerbaijan Airlines (AZAL) компаниясына тиесілі Embraer жолаушы ұшағы 2024 жылғы 25 желтоқсанда Қазақстанның батысындағы Ақтау қаласынан 3 шақырым жерге құлаған. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29-ы тірі қалды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бозымбаев желіде тараған "ұшқыштардың әңгімесі" мен "қара жәшік" арасында айырмашылық барын айтты

Бастапқыда апаттың себебі жөнінде түрлі долбар болды. Ұшаққа Ресей аумағында оқ атылған болуы мүмкін деген болжам айтылғанда, Қазақстанның ресми өкілдері мұны "хайп қуу" деп атап, сын айтқан.

Кейін Әзербайжан президенті Илхам Әлиев апатқа "Ресей Федерациясының өкілдері жауапты" деп мәлімдеді. Әлиев Ресейден кінәсін мойындауды және осы оқиғаға кінәлілерді жазалауды талап етті. Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауына байланысты кешірім сұрағанымен, жауапкершілікті мойнына алған жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әзербайжанның жолаушы ұшағына Ресей зымыраны тиген деп жазды БАҚ. Оған қандай айғақ бар?