Алматылық журналист Диана Матвеева Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы, қазір қамауда отырған Темірлан Еңсебекті қолдап, пикет өткізуге әкімдіктен екі аптадан бері рұқсат ала алмай жүр. Сөзінше, ол жергілікті билікке жеті рет өтініш жазған.
Матвееваның айтуынша, кейінгі өтінішін 30 қаңтарда жолдаған. Журналист 7 ақпанда "Сары-Арқа" кинотеатрының артындағы алаңда немесе Амангелді Иманов я Махатма Ганди атындағы саябақта жалғыз адам пикетін өткізгісі келген. 3 ақпанда әкімдіктен келген жауапта сол күні аталған алаңдарда мәдени іс-шара өткізу жоспарланғаны жазылған.
Әкімдік жауабына күмән келтірген журналист 7 ақпанда саябақтарға барып, қандай шара өтетінін тексермек. Ол басқа күні пикет өткізгісі келетінін айтып әкімдікке тағы екі өтініш жіберген.
– Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры алдында пикет өткізуге екі рет рұқсат етпеді. "Театрдың жанында "Қазақтелеком" стратегиялық нысаны бар" деп түсіндірді. Ғылым академиясы қасындағы Шоқан Уәлиханов атындағы алаңға шығуға да рұқсат бермеді. Оның жанынан көлік өтеді деген уәж айтты. Бірақ мен жолда емес, саябақта пикет өткіземін ғой. Тағы екі рет "пикет өткізуге бес күн бұрын емес, төрт күн бұрын өтініш бердіңіз" деп рұқсат етпеді, – деді Диана Матвеева.
Журналист "азаматтық көзқарасымды заңды жолмен білдіргім келді. Енді осылай тоқтаусыз өтініш беріп, қаланың қай жерінде пикет өткізуге болатынын анықтағым келеді" деді. Сөзінше, билік пикет өткізуге рұқсат бермейді, ал рұқсатсыз шыққандарға айыппұл салып, қамап, бейбіт жиын өткізу еркіндігін, сөз бостандығын шектеп отыр.
– Мен 15 күнге қамалғым келмейді. Жарайды, билік ұсынып отырған заңды жолмен жүріп көрейін дедім. Екі апта өтті, ешқандай нәтиже жоқ. 15 күнге қамалған Әсем Жәпішева бүгін бостандыққа шығады. Ал мен пикеттің маңайында да жүрген жоқпын. Ешқандай нәтиже жоқ, – деді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Темірлан Еңсебекті қолдағаны үшін қамалған журналист Руслан Бикетов босап шықтыБұған дейін "Сатира – қылмыс емес" деген ұранмен Алматыда жалғыз адамдық пикетке журналист Руслан Бикетов пен Әсем Жәпішева шыққан. Билік ол екеуін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыптап, 15 күнге қамаған. Одан бөлек, Oyan Qazaqstan қозғалысының мүшелері мен алматылық белсенділер Ақмарал Жәкібаеваға, Ақторғын Ақкенжебаласына, Гүлбақыт Өтебайға, қостанайлық Сергей Зинченкоға сот айыппұл салған. Астана, Семейде де жергілікті белсенділер Темірлан Еңсебекке қолдау білдірген. Ақтөбе қаласының тұрғыны, қос жанары көрмейтін Мұсағали Дауылов наразылық акциясына "Маған күлкілі емес" деген жазуы бар плакат ұстап шыққан еді.
18 қаңтарда Алматының тергеу соты "әлеуметтік желіде ұлтаралық араздық қоздырды" деген күдікпен айып тағылған Темірлан Еңсебекті екі ай мерзімге тергеу абақтысына қамаған. Белсендінің жақтастары Темірлан саяси астармен қудалауға түсіп жатыр деп біледі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ TikTok "Йоу, орыстар" әнін өшірдіҚазірге дейін белгілі деректерге сай, Qaznews24 авторының үстінен қылмыстық іс былтыр қаңтарда жарияланған кезекті сатиралық постқа байланысты 2024 жылғы мамырда қозғалған. Ол жазбада ресейлік тележүргізуші Тина Канделакиге (сол кезде ол Қазақстандағы орыс тілінің мәртебесі туралы айтылған сөздерді сөгіп, пікір білдірген – ред.) қазақстандық рэп-әншілер "Йоу, орыстар!" деген әнмен жауап берді деп жазылған. Әннің мазмұнында балағат сөздер бар.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі Темірлан Еңсебектің үстінен қозғалған іс сатираға байланысты емес деді. "Ол тұтас бір этнос өкілдерін қорлайтын, ұлтаралық алауыздық қоздыратын айқын белгілері бар материал жариялады" деді полиция.
Бұған дейін International Partnership for Human Rights, Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті босатуға үндеген. Сатиралық паблик авторының үстінен іс қозғалғанын тәуелсіз сарапшылар да сынға алды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қамауға алынған танымал паблик авторын қолдағандарды қудалау жалғасып жатыр