4 ақпанда Қазақстан транспорт министрлігі Ақтауда құлаған Azerbaijan Airlines ұшағына байланысты тексерістің алдын ала қорытындысын жариялады.
Тергеу комиссиясы ұшақтың артқы бөлігінен көптеген шұрық тесікті анықтаған. Бұған қоса, сол жақ мотор мен сол жақ қанаты да бүлінген. Кейбір тесік сырттан ұшып келген бөгде заттардан болған.
"Ұшақтың сыртындағы бүлінген тесіктер сырттан бөгде заттар тигенін көрсетеді" деп жазылған алдын ала тергеуде.
Ұшқыштар Грозныйға екі рет қонуға талпынып, кейін Баку қаласына оралуға шешім қабылдаған. Бірақ қайта байланысқа шығып, Ақтаудағы ауа райын сұраған. Борттың қара жәшігіне қатты дыбыс жазылып қалған.
"Ақтауға құлаған ұшақ бірнеше бөлікке бөлінген. Ұшақтың алдыңғы және ортаңғы бөлігі толығымен өртеніп кеткен" деп жазылған құжатта.
Былтыр 25 желтоқсанда Әзербайжанның Azerbaijan Airlines (AZAL) компаниясына тиесілі Embraer жолаушы ұшағы Қазақстанның батысындағы Ақтау қаласынан 3 шақырым жерге құлаған. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29-ы тірі қалды.
Бастапқыда апаттың себебі жөнінде түрлі долбар болды. Ұшаққа Ресей аумағында оқ атылған болуы мүмкін деген болжам айтылғанда, Қазақстанның ресми өкілдері мұны "хайп қуу" деп атап, сын айтқан.
Кейін Әзербайжан президенті Илхам Әлиев апатқа "Ресейдің өкілдері жауапты" деп мәлімдеді. Әлиев Ресейден кінәсін мойындауды және осы оқиғаға кінәлілерді жазалауды талап етті. Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауына байланысты кешірім сұрағанымен, жауапкершілікті мойнына алған жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Ильхам Әлиев Ақтаудағы ұшақ апаты жөнінде: Алғашқы үш күнде Ресейден сандырақ болжамдардан басқа ештеңе естіген жоқпыз"Зымыран зақымдаған". Ұшақ апаты жайлы тың дерекке Қазақстан мен Әзербайжандағы реакция