АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио 3 ақпанда мәлімдеме жасап, АҚШ халықаралық даму агенттігінің басшысы қызметін қоса атқаратынын, Трамп қойған күн тәртібіне "бағынбауға" тоқтау салатынын айтты.
"USAID қызметтерінің көбі жалғасады. Олар АҚШ сыртқы саясатының бөлігі бөліп қала береді. Бірақ олар АҚШ сыртқы саясатына сай болуы қажет" деді ол Сальвадор еліне барған сапарында.
CBS News аты аталмаған үш америкалық шенеунікке сілтеп, агенттік мемлекеттік департаментке қосылады, жұмыс күші едәуір қысқарады, бірақ гуманитарлық көмек көрсететін ұйым болып қалады деп хабарлады. Reuters агенттігі Ақ үйдегі лауазымды қызметкерге сілтеп, Трамп USAID-ті мемлекеттік департаментке қосуды қарастырып отыр деп жазды.
USAID жұмысын қатаң сынағандардың басында Илон Маск тұр. Трамп оны мемлекет шығынын азайтушы қызметіне тағайындаған. Маск АҚШ бюджетіндегі дефицитті 1 триллион долларға қысқартатынын мәлімдеп, өз әрекетін жемқорлыққа қарсы күрес деп бағалап отыр.
Осының алдында USAID қызметкерлері ұйымның Вашингтондағы штаб-пәтері 3 ақпан күні қызметкерлер үшін жабық болатыны жайлы хабарлама алған. Хабарламада бұл шешімді "агенттіктің басшылығы" шығарғаны айтылған. Бұл туралы көптеген дереккөзіне сілтеп CNN мен Associated Press жазды.
БҰҰ мәліметінше, халықаралық гуманитарлық көмектің 40 пайызы USAID-тың үлесінде. 3 ақпан күні агенттік сайты ашылмады. Трамп федералдық агенттікті "есі дұрыс емес радикалдар тобы басқарды" деп мәлімдеген.
"Оларды шығарып, сосын [USAID тағдыры жайлы] шешім шығарамыз" деді журналистерге АҚШ президенті 2 ақпан күні.
Трамптың бұл мәлімдемесіне дейін CNN мен Reuters USAID қауіпсіздік қызметінің екі жоғары қызметкері әкімшілік демалысқа босатылғанын хабарлаған. Соның алдында ғана олар АҚШ мемлекеттік басқару тиімділігі департаментінің (DOGE) өкілдеріне агенттік компьютерлік жүйелерін тексеруге жол бермеген. Бұл департаментті екінші мерзіміне сайланған Трамп құрған. Трамп департамент басшысы етіп Space X және Tesla компанияларының басшысы, миллиардер Илон Маскті тағайындаған.
АҚШ Конгресі мақұлдаған ондаған миллиард доллар халықаралық көмекті басқаратын USAID-ты Маск "қылмыстық ұйым" деп атап, "оның өлетін уақыты жетті" деген.
2 ақпан күні АҚШ сенатының сыртқы саясат комитетіндегі бір топ демократ Рубиоға хат жазып, Трамп әкімшілігінің агенттік жөніндегі шешіміне "қатты алаңдайтынын" мәлімдеген. Олар сондай-ақ бұл ұйым "ұлттық қауіпсіздік мақсаттарын жүзеге асыру үшін АҚШ халықаралық көмегін және даму жөніндегі тәжірибесін жылдам жеткізу үшін" құрылғанын, бұл жұмыс әсіресе дағдарыс кезінде маңызды екенін айтқан.
"Трамп пен Маск USAID-ты заңсыз түрде жабуға талпынып отыр" деді 3 ақпан күні Гавайи штатынан сайланған демократ сенатор Брайан Шатц X платформасындағы жазбасында. "Мұның салдары өлімге толы болып, ғаламдық сипат алады. Мұның бәрі қорғанысымызды әлсірете түспек".
24 қаңтарда Рубио басқаратын мемлекеттік департамент АҚШ-тың халықаралық көмек жөніндегі барлық дерлік жаңа қаржыландыруын бұғаттауды бұйырған. Ол мұны Трамптың бағдарламаларды сыртқы саясат мақсаттарына сәйкестендіру жөніндегі нұсқаулығы бойынша орындаған.
Өткен айда қызметіне кіріскен Рубио Трамп билігі тұсында АҚШ-тың халықаралық көмегі қалай жұмыс істейтінін баяндады.
"Біз жарататын әрбір доллар, біз қаржыландыратын әрбір бағдарлама, біз ұстанатын әрбір саясат мынадай үш сұраққа жауап беруге тиіс: Бұл АҚШ-ты қауіпсіздеу ете ме? Бұл АҚШ-ты қуаттырақ ете ме? Бұл АҚШ-ты одан әрі өркендете ме?" деді ол.
Трамп өз жарлығымен АҚШ халықаралық көмегін 90 күнге бұғаттап қойды. Ол мұны көмектің тиімділігін бағалап, АҚШ сыртқы саясатына сәйкестендіру үшін жасағанын айтты. Бірақ бұл жарлық аясында Рубиоға "кейбір бағдарламалар" үш айлық үзілістен бас тартуға құзырет берілді.
Бүкіл әлем бойынша гуманитарлық топтар мен үкіметтік емес ұйымдар Трамп жарлығынан кейін USAID тағдырына алаңдаушылық білдірді.
Норвегияның босқындар жөніндегі кеңесінің бас хатшысы Ян Эгеланн Азаттықтың Ауған қызметіне айтқан сөзінде "Ауғанстанға арналған қаржыландыруды тоқтата тұру 22 миллионнан астам ауғанға көмек көрсетуге бағытталған операция үшін апат болмақ" деді.
Ресей 2022 жылғы ақпанда Украинаға үлкен күшпен басып кіргелі USAID Украинаға миллиардтаған долларға татитын гуманитарлық көмек, дамуға бағытталған көмек және тікелей бюджеттік қолдау көрсеткен.
Трамп Байден әкімшілігі бөлген бұл көмектің және қару-жараққа жұмсалған қаржының ауқымын сынаған.
Жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі тәуелсіз комиссия (NAKO) дейтін киевтік үкіметтік емес ұйымның зерттеушісі Светлана Мусяк Азаттықтың Украин қызметіне айтқан сөзінде USAID-тың Украинаға көмегін тоқтату азаматтық қоғамға арналған бағдарламаларға әсер етіп, "АҚШ-тың [Украинадағы] демократиялық реформалар мен экономикалық тұрақтылықты қолдауды азайтқанын" көрсеттеді деді.
Украина азаматтық қоғамының кей өкілдері USAID қаржыландыруын аудиттен өткізуді қолдайды. Олардың арасында Жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі тәуелсіз комиссияның жетекшісі, әрі Украина қорғаныс министрлігі жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңестің мүшесі Елена Трегуб та бар.
Facebook-тегі жазбасында Трегуб "бұрыннан USAID-ты реформалау қажетін" айтып жүргенін мәлімдеді. Трегубтің сөзінше, ол "бұл мемлекеттік агенттік арқылы үлкен қаржылар өткеніне" және олардың нәтижесі оңтайлы болмағанына куә болған.
"Дей тұрғанмен, USAID Украинаның дамуына елеулі түрде ықпал еткен маңызды реформаларды, азаматтық қоғамды, гуманитарлық және инфрақұрылымдық жобаларды қолдады" деді ол.
2 ақпан күні CBS News-ке берген сұхбатында Флорида штатынан сайланған республикашыл конгресмен Брайан Маст USAID секілді агенттіктерде дұрыс басшылық және басқару болғанын қадағалау үшін Рубиомен жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
Өкілдер палатасының сырты істер жөніндегі комитетінің төрағасы қызметін атқаратын Маст USAID-ты мемлекеттік департамент қарамағына беруді қолдайтынын айтты.
2 ақпанда Рубиоға хат жазған демократ сенаторлар заң бойынша USAID-ты мемлекеттік департаментке қосуды Конгресс мақұлдауы қажет деген.
"USAID құрылымы өзгерту немесе оны қайта жасақтау Конгреспен ақылдасу қажет екенін, бұл туралы оған хабарлануы қажет екенін Конгресс анық білдірді" деп жазды олар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Путинді санкциямен қыспаққа алмақ. Қазақстан сияқты үшінші елдерге қауіп бар ма?